«Барлық нәрсенің жүрегі бар, Құранның жүрегі «Ясин» сүресі, кім оны оқыса, Құранды 10 рет оқығандай болады».
«Ясин» сүресі Қасиетті Құранның жүрегі деп аталған, демек мүміндер үшін зор мәнге ие. Біріншіден, сүреде Аллаһтың бір екендігі, оны мойындамайтындарға берілетін жаза жайлы, Ақірет күні және қайта тірілу жайлы айтылады.
Бұл сүренің артықшылығы жайлы бірнеше хадис бар. Солардың біреуінде «Егер кімде-кім зиратқа кіріп, «Ясин» сүресін оқыса, сол күні сол зиратта жатқандардың азаптары жеңілдейді және оқыған адамға сол зиратта жерленгендердің санына тең сауап беріледі» делінген.
Басқа бір хадисте аспан мен жер жаратылудан мың жыл бұрын Аллаһ «Таһа» және «Ясин» сүрелерін оқыған деп айтылады. Періштелер естіген кезде «Бұл Құран түсетін үммет қандай бақытты, оны сақтап жүретін жүректер және оны оқып жүретін тілдер неткен бақытты» деген.
«Ясин» сүресінде мүмінге осы және келесі дүниедегі берілетін жақсылықтар жасырылған. Ол жүректерде иманды сақтайды және Аллаһтың Құдіретін еске салады.
Тағы бір хадисте: «Кімде-кім «Ясин» сүресін оқитын болса, оның көп күналары кешіріледі. Аш адам оқыса, тоқ болады. Адасқан болса, шығатын жол табады. Малын жоғалтқан малын табады. Егер адам азық жетпеуінен қорқып оқыса, азығы жеткілікті болады. Өлім сәтінде жатқан адамға оқыса, оның азабы жеңілдейді. Босануы қиындап кеткен әйелге оқыса, босануы жеңілдейді».
«Ясин» сүресі өлілердің жаны тыныштық табу үшін де оқылады. Бұл сүре тек өлілерге емес, тірілерге де рухани тыныштық береді.
Абу Ахмад айтады, кейбір адамдар күндерін кофе ішуден бастайды, ал ол қасиетті сүрені оқымай бастамайды. «Ясин» сүресі мені Раббыма жақындатады, өйткені мұнда Ақіреттің қорқынышты күні және күналарымыз үшін жазаланатынымыз жайлы айтылады. Бұл сүре өмірге келуімнің шынайы мақсаты – Аллаһқа құлшылық ету екенін күннен-күнге еске салып отырады.
Islam-today сайтынан аударылған