Хадиша – Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) алғашқы және өзінің қайтыс болғанға дейінгі жалғыз әйелі, ислам тарихындағы беделді әйелдердің бірі.
Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) Хадишаны ерекше махаббатпен сүйген және әрқашан «Ер адамның жүрегінде тек бір әйелге орын бар» деуші еді. Хадиша Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) үшін ең керемет әйел ғана емес, адал дос және исламды таратуда мықты көмекші бола білді. Тіпті ол дүниеден өткеннен кейін де Мұхаммед пайғамбар (ﷺ) ол жайлы махаббатпен және қайғыра еске алып, Аллаһ осындай керемет әйелге деген өте күшті махаббат бергенін айтатын.
Хадиша 1400 жыл бұрын өмір сүрді, егер әрбір әйел оған еліктейтін болса, әлбетте жетістікке жеткендерден болады. Бірақ Хадишадай болуымыз үшін алдымен оны жақсы тануымыз керек:
1. Хадиша өз ісін жүргізген беделді әйел еді.
Хадиша өте бай, атақты әйел еді, саудамен айналысатын. Хадишаның әкесі құрайыш тайпасынан шыққан табысты көпес еді. Ол өз әкесінен сауда ісін жүргізу қабілетін ала білді. Әкесі қайтыс болған соң, оның ісін мұрагерлікке иеленіп, Меккеде, Сирияда және Йеменде өз ісіне тек қана ең сенімді және әділ, қауіпті сауда жолдарына төзе алатын ерлерді жұмылдыра отырып, әкесінің ісін әрі қарай дамытты. Іс жүргізе алатын қабілетіне, мінсіз беделіне байланысты Хадиша «пәк, таза» деген атқа ие болды. Оған ірі сауда керуендері тиесілі еді.
Дәл осы сауда ісі Хадиша мен пайғамбарымызды табыстырған болатын. Хадишаға ақылмен және білімімен керуендерді басқа қалаға алып жүретін адам керек еді. Осы мақсатта қажет адамдарды табу үшін Меккеге бірнеше рет адам жіберген болатын. Арада көп уақыт өтпей, сенімділігімен және көркем мінезімен танылған Мұхаммед есімді жас жігіт жайлы естіді. Бұл жағдай Хадишаны қатты қуантты, өйткені Мухаммед-әл-Әмин (Сенімді) есімін Меккеде әрбір адам естіген болатын. Хадиша оған жұмыс ұсынып, керуенді басқаруға жіберді. Бірнеше күн өткен соң Мұхаммед сауданы бітіріп, Меккеге көп пайдамен оралып, Хадишаны қуантты.
2. Хадиша барлық неке ұсыныстарынан бас тартты.
Хадишаның қоғамдағы атағына, беделіне қарай көп адамдар оны өзінің жары еткісі келді. Мұхаммед пайғамбармен (ﷺ) жолыққанға дейін, Хадиша екі рет тұрмыста болған, жесір қалды. Екінші күйеуінің өлімінен соң, өзіне құда түсуге келген барлық ұсыныстардан бас тартты. Өйткені оған адамдардың ең ардақтысының жары болуы тағдырына жазылған болатын.
3. Хадиша пайғамбарымызға (ﷺ) өзіне үйленуге ұсыныс жасады.
Мұхаммедтің өз ісін ұқыпты орындағаны Хадишаны қатты танғалдырды. Бірнеше уақыт өткен соң, ол Мұхаммедке (ﷺ) өзіне үйленуге ұсыныс жасады. Бұл істі келістіруші ретінде ол өзінің досын Нафиса бинт Умайяны таңдады. Нафиса Мұхаммедке Хадишаның ұсынысын жеткізді. Ал ол кеңесу үшін өзінің сүйікті ағалары Хамза мен Әбу Талибке барды. Олармен кеңескен соң, үйленуге бел буды. Хадишаның үйінде көп қонақ жиналды. Әбу Талиб Варака бин Науфәлмен сөйлесіп, мәхр ретінде жиырма түйе беретін болды. Үйлену кезінде Хадишаның жасы 40, ал Мұхаммед 25-те еді.
4. Хадиша Мұхаммедтен (ﷺ) он бес жас үлкен еді.
5. Хадиша мінсіз жар еді, Мұхаммед пайғамбармен (ﷺ) арасында шынайы махаббат болды.
Хадиша Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) алғашқы және 25 жыл бойы жалғыз әйелі болды. Хадиша әрдайым жанынан табылды, оны қолдап, оған мәнгі адал болды. Олардың бақытты отбасылық өмірі 25 жылға созылды. Олар сабырмен барлық ауыртпалықтарды, жәбірлікті және қайғы-қасіретті бірге көрді. Хадиша мен пайғамбарымызға көптеген сынақтар жіберілді, сонда да олардың махаббатары сөнген емес. Бұл екі мүмін арасындағы Алланың жіберген шынайы махаббаты еді. Ол пайғамбарымыздың алты баласын дүниеге әкелді.
6. Хадиша – исламды қабылдаған алғашқы адам.
Хадиша Мұхаммедті (ﷺ) Алланың соңғы елшісі ретінде қабылдаған бірінші адам. Жердегі барлық адамдардың ішінде ол ең алғаш исламды қабылдап, оны Аллаһ елшісіне (ﷺ) жеткізді. Исламды жаю жолында да ең көп қолдау көрсеткен де Хадиша болды. Сүйікті әйелі исламды қабылдап, өзінің пайғамбарлық міндетіне сену Аллаһ елшісі (ﷺ) үшін үлкен рухани қолдау еді. Пайғамбарымыз (ﷺ) Жәбрейілдің айтқандырын, үйреткендерін сүйікті жұбайымен бөлісетін. Осылайша, екеуі бәрінен жасырын намаз оқып жүрді. Міне, сондықтан Хадишаны исламның анасы деп атайды.
7. Хадиша кедейлерге көмектесетін.
Исламда байлық та, кедейлік те Жаратушыдан келген сынақ болып табылады. Хадиша екеуімен де сыналды. Ол кедейлерге, жетім-жесірлерге өзінің мейірімділігімен көмектесетін. Кедей отбасыдан шыққан қыздарға тұрмысқа шығуға, олардың жасауларын дайындауға көмектесті.
Хадиша заманымыздың ең ықпалды әйелдердің бірі. Бізге жеткен әртүрлі хадисте ең құрметті төрт әйел жайлы айтылады, олар – ферғауынның әйелі Асия, Исаның (алейхи саләм) анасы Мәриям, Мұхаммедтің (ﷺ) әйелі Хадиша және оның қызы Фатима. 14 ғасыр уақыт өтсе де Хадиша өз өмірі арқылы діндар, қарапайым және батыл болуды бізге өнеге етті.
Islam-today сайтынан аударылған